Ауыр жағдайдағы науқастармен жұмыс істейтін бірінші эшелонның 8 клиника оттегі беру жүйесімен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы «Алматы» телеарнасының Akimat Live бағдарламасында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сапалы емге әсер ететін факторлардың бірі – науқастарды медициналық оттегімен қамтамасыз ету. Осыған байланысты бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін медициналық ұйымдарға оттегі станцияларын орнату бойынша қалалық бағдарлама қабылданды.
Осының арқасында бірінші эшелондағы жатын орындар 100% оттегімен қамтылады.
«Егер клиникаларда қажетті көлемде жұмысты қамтамасыз ете алатын өз оттегі станциясы болса, онда ол жүйені реттеу керек. Ол үшін қаржы да бөлінді. 10 қыркүйекке дейін ауыр жағдайдағы науқастармен жұмыс істейтін бірінші эшелондағы 8 клиника орталықтандырылған оттегі жүйесінің стационарларымен қамтамасыз етіледі. Екінші кезеңде біз екінші эшелондағы клиникаларды оттегімен қамтамасыз етуге көшеміз, сол арқылы бұл мәселені шешеміз», - деді әкім.