Ауыл шаруашылығы тауарларын өнідірушілерден тиісті нәтиже болатындай механизмді даярлау керек.
Бұл туралы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландыру мәселесін талқылау кезінде Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұсынылған материалдарға тоқталсақ, өткен жылы «ҚазАгро» холдингі бөлген 400 млрд теңге сомасындағы қаржыландыру теңдессіз өсім болып отыр, яғни аса қомақты деңгейдегі қаржыландыру байқалды. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы басшысы Өмірзақ Шөкеев (қазіргі Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев) саланы қаржыландыруды айтарлықтай көбейтуге күш-жігерін салды. Алайда бұл қаржы сомасы әлі де жеткіліксіз болуда. Ресей ауыл шаруашылығын 10 пайызға, Беларусь ресми түрде 18 пайызға қаржыландыруда, ал біз ауыл шаруашылығы ІЖӨ-сінен 4,5 пайыз деңгейінде тұрмыз», - деп тоқталды В. Божко Парламент Мәжілісіндегі дөңгелек үстел отырысында.
Осы орайда ол саладағы негізгі проблемаларға тоқтала келе, бірінші мәселе тиімді қаржыландырудың жеткіліксіз болуына қатысты болса, екіншіден, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қызметіндегі тиімсіздік кері тартып тұрғанын атап өтті.
Өз кезегінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов бүгінде түрлі себептермен банктер саланы қаржыландыруды қысқартып жатқанын растады.
«Мен осыған дейін айтқан едім, біз 10 жыл бойы гектарынан орташа есеппен 12 центнер астық шығымдылығын ұстап тұрмыз. Осы уақыт ішінде гектарынан 12 центнер деңгейімен қандай экономика болады? Аталған уақыт аралығында жанар-жағармай қымбаттады. Энергетиканың түнгі тарифін алып тастады. Яғни барлық бағыттар бойынша қымбаттау болғанымен, ауыл шаруашылығы өндірісінде еңбек өнімділігі мен тиімділік бағытында тұрақты өсім байқалмады», - деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.