Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын қолдау туралы «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мәлімдемесі.
Құрметті отандастар!
«Ауыл» партиясы қоғамды демократияландыруға және нарықтық қатынастар жағдайында экономиканың аграрлық секторын түбегейлі өзгертуге бағытталған саяси-экономикалық реформаларды дәйекті іске асыруды жақтайды. Сондықтан, «Ауыл» ХДПП ел дамуының жаңа жолы көрсетілген «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Президент Жолдауын ризашылықпен қабылдады.
Жолдауда аталған даму жолын экономикадағы технологиялық жаңаруды жеделдету, экспортты әртараптандыру, адами капитал сапасын жақсарту, кәсіпкерлікті ынталандыру арқылы іске асыру атап көрсетілген.
Н.Назарбаев Қазақстанның аграрлық секторына ерекше көңіл бөліп отырады. Аталған сала ел экономикасының жаңа драйверіне айналуы керек. Біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндіруші ел бола аламыз. Осы мақсаттарды іске асыру үшін біз шикізат өндірісінен кетіп, жоғары сапалы, өңделген өнімдер шығаруды көздейтін шаралар қабылдауымыз керек. Сонда ғана біздің ауыл шаруашылық өнімдеріміз бәсекеге қабілетті болады.
Сондай-ақ, Елбасы Жолдауында жеке үй шаруашылықтарын біріктіріп, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру, жерді пайдалану тиімділігін арттыру, аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыру міндет екені айтылған.
«Ауыл» партиясы Президент Жолдауын қолдайды және өзінің жауапкершілігін сезіне отырып, оны іске асыруға барынша белсенді қатысатын болады.
«Ауыл» ХДПП Төрағасы
Ә.Бектаев
Ұлт порталы