30 қыр, 2022 сағат 15:18

"Ауыл" партиясынан президенттікке кандидат ұсынылды


Жигули Дайрабаев"Ауыл" партиясынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Астанада "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XX съезі өтті. Жиналыста партия мүшелері Жигули Дайрабаевтың алдағы президенттік сайлауға кандидат ретінде кандидатурасын қолдады.

"Құрметті партияластарым, сіздердің сенімдеріңізді ақтаймын. Бар күшімді Қазақстанның және агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына саламын", - деді Дайрабаев. 

67 жастағы Жигули Молдахалықұлы Жамбыл облысының Жалпақсаз ауылында дүниеге келген. Әскерден кейін бір жылдай қойшының көмекшісі, одан кейін колхозда жүргізуші болып жұмыс істеген.

Артынан партиялық қызметпен айналысқан. Луговской ауданында "Коммунизмге жол" колхозында комсомол комитетінің хатшысы, инструктор, кәсіподақ төрағасы болды. Ал 1980 жылы Каменский ауылында атқарушы комитеттің төрағасы болып тағайындалды. Бес жылдан кейін қой өсіретін "Алғабас" совхозына партия комитетінің хатшысы болып барды.

1987 жылы Жамбыл атындағы колхозды басқаруға кірісті. Ал 1995 жылы Қорағаты совхозының директоры болып тағайындалды. Екі жылдан кейін Тұрар Рысқұлов ауданының статистика басқармасының басшысы болып ауысты.

2000 жылдан кейін бизнеспен айналысты, нан қабылдау орындарын басқарды. "MOLBAL" ЖШС бас директоры болды. Қазақстан фермерлері одағының облыстық филиалына жетекшілік етті. Ал 2019 жылдан бастап ұйым басшысы қызметіне сайланды. Биыл маусым айында "Атамекен" ҰКП агроөнеркәсіп комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Үйленген, үш баласы мен жеті немересі бар.

Еске салайық, Қазақстанда кезектен тыс сайлау биыл 20 қазанда өтеді.