11 там, 2017 сағат 16:38

Ауыл өмірімен танысып, киелі орындарды араладық

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы оқушылардың да жүрегiне жылу, көңiлдерiне қуаныш ұялатты. Шындығында, туған жерге деген сүйiспеншiлiк кiндiк қаның тамған жерден, ауылыңнан, өңiрiңнен бастау алары анық. Мақалада «Қазақстанның киелi жерлерiнiң географиясы» жобасын жасау арқылы келешек ұрпақтың тарихи жерлердi бiлiп, оларды қастерлеп, сақтау iсiн жандандыру керектiгi баса айтылады. Бұл тұрғыда елiмiздегi киелi жерлердi насихаттау, оларды жастардың санасына сiңiру мақсатында облыста түрлi жоспарлар түзiлiп, жұмыстар жүргiзiлуде. Осындай шаралардың бiрi – облыстық бiлiм басқармасының ұйымдастыруымен өтiп жатқан «Бiр апта ауылда» жобасы.

Осы жоба аясында жуырда шымкенттiк бiр топ оқушы Бәйдiбек ауданындағы «Болашақ» лагерiне бiр аптаға жiберiлiп, табиғатты тамашалап, киелi орындарды араладық. Бiздiң ауылмен танысуымыз Шаян ауылындағы «Аппақ ишан» мешiт-медресесiнен басталды. Бiз сәулетi мен құрылысы келiскен мешiттi аралап, Аппақ ишан туралы бiраз мәлiмет алдық. Ал, «Ақмешiт» үңгiрiне саяхат оқушылардың таңданысын тудырып, тарихымыздың тарамданған сан түрлi рухани қалтарыстарына үңiлдiрдi.

Алмалы округiне қарасты Балабөген өзенiнiң бойындағы Бәйдiбек ата, Қос ана кесенелерi орналасқан жерлердiң табиғаты жасөспiрiмдердiң  қызығушылығын тудырды.  Жол бастаушылар А.Айтбеков пен Н.Дүйсебаева сонау жаугершiлiк заманда өмiр сүрген бабаларының батырлықтары мен ерлiктерi туралы аңыз-әпсаналарды әңгiмелеп бердi.

Сонымен қатар, Ақбастау ауылындағы ақылдылығымен, даналығымен тарихта есiмi қалған Домалақ ана кесенесiне де ат басын бұрдық. Домалақ ана парасаттылығымен дараланып, әулиелiгiмен ерекшеленген. Қазақ қыздарының ерлiктерi тарихта алтын әрiптермен жазылып, өскелең ұрпаққа үлгi-өнеге болары сөзсiз.

Бұл iс-шара қалада туылып, асфальтта өскен бiздiң ауылдың тұрмыс-тiршiлiгiмен танысуымызға, тамыры терең тарихымызбен сусындауымызға үлкен септiгiн тигiздi. 

Бүгiнде көптеген отбасы балаларын демалыс аймақтарына жiбере бермейдi, бағасы қымбат. Олардың бос уақыттарын тиiмдi өткiзiп, салауатты өмiр салтын ұстануына, сондай-ақ, табиғат аясында дем алып, тарихи құнды жәдiгерлермен, киелi жерлермен танысуы үшiн осындай iс-шаралар көптеп ұйымдастырылса екен. Жастардың рухын көтеру үшiн ең әуелi оларға рухани құндылықтар туралы түсiнiк қалыптастыру керек. Туған жердегi киелi жерлер – баға жетпес қазынамыз.

Балғынбек КӘДIРБЕК, №49 жалпы орта мектептiң оқушысы. Шымкент қаласы.

"Оңтүстік Қазақстан" газеті