Фото:world-nan.kz
8 қараша күні Мәжіліс жанындағы Қоғамдық полатаның отырысында депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін және аудандар мен ауылдардан сайланған әкімдерінің жұмыс істеу тәжірибесін талқылаған болатын. Әкімдер мен депутаттар мүліктік салықты көбейтуді ұсынды.Ақмола облысы Атбасар ауданы, Полтав ауылдық округінің әкімі Гүзәл Байтұрова 2018 жылдың 1 қаңтарында «бюджеттің 4 деңгейі туралы» қабылданған заңға назар аудартты.
- «Бюджеттің осы түрімен жұмыс істеу өте қиын. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту заңнамаға сәйкес қиындық тудырады. Өйткені, ауылдың өз қаражаты жеткіліксіз, ауданның қосымша транферлері халықтың қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз ете алмайды. Мысалға ауылдық жолдарға қызмет көрсету мен елдімекендерді абаттандыруға ауданның бюджетінен 500 мың теңге бөлінеді, бұл қаражат жеткіліксіз. Өйткені, қызметтердің бағасы өсіп жатыр. Жылдың әр мезгілінде жолдардың қызметі үшін жоғарыда айтылған сумма өте аз. Ал жауын-шашын маусымы кезінде тасқынның алдын алу үшін қосымша қаражат қажет. Ал, бұндай қаржы ауылшаруашылығы әкімдік аппараты тарапынан қарастырылмаған», -деген ауыл әкімі мұндай кезде ауылшаруалылық өнімдерін өндіруші кәсіпкерлердің көмегіне жүгінетінін айтып отыр.
Гүзәл Байтұрова ауыл әкімдігі кәсіпкерлердің көмегіне түрлі мәселемен жиі жүгінулеріне тура келетінін жеткізді.
- «Өкініштісі жобалардың іске асуы үшін сметалық құжаттарды дайындау үшін де қаражат жеткіліксіз болғандықтан кәсіпкерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүрміз. Олар көмектесуге дайын болғанымен оң шешімді күту ұзақ уақытты алады», -деді ол.
Бұдан бөлек әкім көшедегі жабайы иттерді залалсыздандыру мәселесін, қызметтік көлік, кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету сияқты бірқатар мәселелерді көтере келе, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін түсетін салық мөлшерін көбейту керек деп есептетітін айтты.
Жиналыс спикері ауыл әкімінің баяндамасын мақұлдады. Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев та ауылдық жерлердегі проблеманың бірден-бір шешімі салынатын салықтың мөлшерінде деп есептейтінін ашып айтты.
- «Мен бұл мәселелердің саяси жағына тоқталмаймын. Ал, экономикалық жолдарын сіздерге түсіндіріп берейін. Ауыл бюджеті ешқашан жетпейді. Қала мен ауылдың айырмашылығы - 20 есе! Ауылда анадан тартып, мынадан қысқарту... Бұл шешім емес! Біз жаңадан салықты көбейтудің жолдарын ойлауымыз керек. Мүліктік салықты көбейтуден несіне қорқамыз?! Қазір ауылдағы үйге 350 теңге көлемінде салық салынады. Жылына бір рет 350 теңге төлейді. Бір ауылдан жиналатын мүлік салығы ары кеткенде 3 млн. теңге. Неге біз 10 есе көбейтпейміз? Сонда 3 миллион емес, 30 млн теңге жиналады. Сонда мына әкімдердің мәселесі шешіледі», - деді депутат Анас Баққожаев.
Қоғамдық палатаның отырысында жауаптылар бірқатар мәлелеге тоқталған болса да, ауыл әкімдеріне нақты шешімдер қарастырылмады. Дегенмен олардың қызметі депутаттардың көңілінен шыққан сияқты. Жиналыстың вице спикері Дания Мәдиқызы:
«Бүгінгі жиналыста екі жақсы мәселелені көрсеттік оны жақсылап тұрып талқыладық. Әсіресе Ақтөбе облысынан келген, Ақмола облысынан келген ауыл әкімдеріне рақмет! Бүкіл ауыл әкімдерінің атынан сіздер сөйледіңіздер. Қазір Парламентте бүкіл бюджеттік кодекс пен салық кодексі қаралып жатыр. Ауыл әкімдеріне респект», -деп сөзін аяқтады Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Мәдиқызы.