Фото: otyrar.kz
1100-ден астам мемлекеттік мекеме азық-түлікті жоғары бағамен сатып алған, деп хабарлайды Ult.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, өткен жылы азық-түлік бағаларының жасанды түрде көтерілген 817 жағдайы анықталып, оларға қатысты материалдар өңірлік комиссияларға жіберілді. 685 мекеменің сатып алу келісімшарттары қайта қаралып, нәтижесінде 370 миллион теңгеден астам қаражат үнемделді.
Агенттік "алып-сатарлық" схемаларды әшкерелеу үшін IT құралдарын пайдаланып, кәсіпорындардың қызметіне тікелей араласпай жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде 69 тиімсіз делдал нарықтан шеттетіліп, 600 әкімшілік хаттама толтырылып, 11 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
Ақтөбе облысында агенттік шараларының арқасында 80 балабақшада қарақұмық, картоп, сәбіз, қант, жұмыртқа және тұздың бағасы төмендетілді. Бір кәсіпкер қарақұмықты балабақшаға 500%-дан жоғары баға қосып жеткізгені анықталған. Қостанай облысында 117 әлеуметтік мекеме азық-түлік өнімдерін 180%-ға дейінгі үстеме бағамен сатып алған. Бұл өңірде қосымша келісімшарттар жасалып, 60 миллион теңгеге жуық қаражат үнемделді.
Агенттік Астана мен Қарағанды облысындағы 175 балабақшаның сатып алу қызметіне де түзетулер енгізіп, 100 миллион теңгеден астам үнемге қол жеткізді. Алдағы уақытта өнім өндірушілерден тікелей сатып алу тәжірибесін кеңейту, бағаны негізсіз көтергені үшін айыппұлдарды қатаңдату және заңсыз табыс көлеміне пара-пар жазалау шаралары жүзеге асырылады.
Экономикалық тұрақтылық пен құқық бұзушылықтарға қарсы белсенді әрекет ету агенттіктің басым бағыттары қатарында қалып отыр.