Алматыда вакцина салдырғандар ауруханаға 20 есе аз түседі. Бұл туралы қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Жұқтыру деңгейі төмендеді, бірақ босаңсуға болмайды. Пандемия басталғалы COVID-19 инфекциясының 155 739 расталған жағдайы тіркелді. Қала әлі де «қызыл» аймақта. Біздің міндет – дертті шектеу шараларын қолдану арқылы төмендету. Мұнда бәріміз жауапкершілік танытуға тиіспіз – кәсіпкерлер де, тұрғындар да», - деді Алматы қаласының бас санитар дәрігері.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде Алматыда эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды.
«Қала тұрғындары арасында вирус жұқтыру жағдайының төмендеуі 25 тамыздағы 1605 жағдайдан 8 қыркүйек күні 976-ға дейін төмендеді. Бұл төмендеу бүгінде Алматы тұрғындарының 46%-ы иммундық қабатының қалыптасуына байланысты болып отыр. Қазіргі уақытта коронавирусқа қарсы күніне 3 мыңға жуық адам вакциналанады. Бір ай бұрын күніне 10-12 мыңға жуық адамға вакцина алатын»,- деді ол.
Бүгінде вакцинаның бірінші компонентін - 899 784 адам, екінші компонентін - 779 870 тұрғын алды.
«Біз вакцина 100% қорғамайтынын түсінеміз. Алайда, олардың «дельта» штамына қарсы тұруы 80%-дан асады. Вакциналанған алматылықтар ауруханаға 20 есе аз түсетінін атап өткім келеді», - деді Жандарбек Бекшин.