17 шіл, 2020 сағат 13:41

Аурухана басшылығы коронавируспен күрескен дәрігерлерге бөлінген ақшаны қалтасына басқан

Жамбыл облысы Жуалы орталық аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты ақша иемдену фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаментінің аға тергеушісі Қайсар Баржақсынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жамбыл облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі медицина қызметкерлерінің шағымы бойынша Жуалы аудандық орталық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады», - деді ол агенттіктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, тергеу COVID-19 пандемиясы жағдайында эпидемияға қарсы шаралар үшін осыған дейін еңбекақыға аударылған қосымша үстемақыдан ақша иемдену фактісі бойынша жүргізіліп жатыр.

«ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодесінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды», - деді Қайсар Баржақсынов.