04 мам, 2026 сағат 16:07

Алматыда астыртын алкоголь бизнесі әшкереленді: 7 мың литр сыра тәркіленді


Фото: видеодан салынған скрин


Алматы қаласының Түрксіб ауданында заңсыз алкоголь өндірісімен айналысқан жасырын цех әшкереленді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, сыра өндіру ісі тұрғын үйдің жертөлесінде ұйымдастырылған, деп хабарлайды Ult.kz.


Тексеру барысында полиция қызметкерлері арнайы өндірістік жабдықтарды, көп мөлшердегі дайын өнімді, сондай-ақ өндіріс процесінде қолданылған ыдыстар мен шикізатты анықтаған. Заңсыз айналымнан жалпы көлемі шамамен 7 мың литр сыра, шыны ыдыстар және алкоголь дайындауға қажетті түрлі компоненттер тәркіленді.


Аталған дерек бойынша жан-жақты тексеру амалдары басталып, барлық мән-жайлар анықталуда. Құқық қорғау органдары мұндай заңбұзушылықтардың ерекше бақылауда екенін атап өтті.


Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиев азаматтарға заңсыз алкоголь өндіру мен сатудың ауыр құқықтық салдары бар екенін ескертіп, мұндай әрекеттер үшін қатаң жауапкершілік қарастырылғанын жеткізді.