25 мау, 2021 сағат 15:17

"Әуелі метро салынып бітуі керек" - Сағынтаев LRT құрылысы туралы



Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада бой көтеруі мүмкін жеңіл рельсті көлік жобасының құнын атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Иә, бұл мәселе көп адамды алаңдатады. Бірақ біз бірінші кезекте мынаны түсінуіміз керек. Жоба жол ортада тоқтап қалмайтынына сенімді болмайынша, оны бастай алмаймыз. LRT-ні кез келген уақытта сала аламыз. Бірақ мәселе қандай ақшаға салынатынында. Мысалы, құрылыс-монтаж жұмыстарының құны шамамен 300 миллион долларды құрайды десек, бюджеттің өзі мұндай жобаны көтере алмайды. Ал сырттан ақша тартсақ, 50 пайызын бюджет, 50 пайызы серіктес компания өз мойнына алуы керек. Әрине, ақша сырттан шетелдік валютамен тартылады. Ал оның тәуекелі орасан. Ертең қалай қайтарамыз? Жоба аяқталғаннан кейін миллиард долларды қайтару керек болады. Оның жолы қандай болады? Сондықтан біз мәселенің осы қырын жіті пысықтап жатырмыз», - деді әкім. 

Оның айтуынша, Үкімет те қаладағы метро құрылысын аяқтап алмай жатып, LRT салу тиімсіз деген ұстанымын білдерген.

«Біз Үкіметпен ақылдастық. Олар метро мен жеңіл LRT сияқты екі ірі жобаны бір мезгілде жүргізу қиын болатынын айтып отыр. Әуелі метро салынып бітуі керек. LRT-ні содан кейін ғана қолға алуға болады», - деді Бақытжан Сағынтаев.