09 қаз, 2016 сағат 20:44

Әуе шарларының қоршаған ортаға зияны басым

«Қолдау-Қазақстан» коммерциялық емес көпсалалы холдингі жанындағы «Қолдау-Экология» мамандандырылған орталығы, тұтынушыларды әуе шарларын сатып алудан бас тартуға шақырады. Экологтардың айтуынша, олардың өндірісі мен сатылымға шығарылуын тоқтату қажет, себебі әуе шарлары құрлық және теңіз жануарларының өліміне әкеп соғуда. 

«Қолдау-Экология» мамандандырылған орталығының жетекшісі Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, әуе шарлары қоршаған ортаға, әсіресе Каспий теңізіне  айтарлықтай кері әсерін тигізіп отыр. Бұл шарларды ұшыру табиғатқа қоқысты қасақана тастағанмен тең. Экологиялық тұрғыдан таза деп сатылымға шығарылған шарлардан төнетін қауіп жоқ емес.   

«Бүгінде Каспийде теңіз жануарларының нақты неден қырылып жатқанын дөп басып айту қиын. Мамандар әр түрлі болжам жасайды. Меніңше балықтың, итбалықтың және тағы басқа теңіз жануарларының қырылуына бірден-бәр себеп осы әуе шарлары болуы ықтимал. Көп жағдайда шарлар әуеге ұшырылады, жарылған шарлар бөлшектеніп теңізге түседі.  Жалпы шардың жыртылған тілімдері медузалар мен басқа да теңіз жануарлары қоректенетін су жәндіктеріне қатты ұқсас болып келеді. Теңіз жануарлары болса абайсызда шарлармен қоректенуі ғажап емес, нәтижесінде бұл олардың қырыуына әкеп соғады», - дейді тәуелсіз эколог.

Оның айтуынша, теңіз жануарларын айтпағанда, әуе шарлары жерге, теректерге және көшеттерге де құласа зияны басым. Құстар теректерде немесе электр желісінде салбырап тұрған бауға шырматылуы ғажап емес. Сондай-ақ, құстардың шармен абайсызда қоректену кезінде улануы бек мүмкін. 

Бүгінде әлемнің көптеген дамыған елдерінде әуе шарларының табиғатқа тигізер кері әсері ескеріліп, олардың еркін сатылуына жол бермеу мақсатында нақты шаралар қолға алынған. Мәселен, Америка Құрама Штаттарының балық ресурстары және жануаларды қорғау қызметі, әуе шарларын ұшыруға тыйым салуды мықтап қолға алған. Сондай-ақ, АҚШ-тың кейбір штаттары мен қалалары шарлардан төнетін қауіпке көз жеткізген соң, шар ұшыруға тыйым салынатын арнайы заңның қабылдануына қол жеткізіпті.

Бүгінде, қоршаған ортаға әуе шарларынан төнетін қауіптің бар екендігін толық сеніммен айтуға болады. Әсіресе үйде кішкентай балалардың шарды үремін деп, тұншығып қалуын жоққа шығаруға болмайды немесе үй жануарларының абайсызда жарылған шарды жұтып қоюды да ықтимал.  

Мамандардың пайымдауынша, бұл шарлардан ауа-райы да ластануда. Жасыратыны жоқ, әуе шарларды тұрғындар көбіне мерекелік шараға қажет деп сатып алады. Көбіне шарларды аспанға ұшыру дәстүрі түрлі спорттық жарыстарда, жаппай жүгіру барысында, үйлену тойы кезінде пайдаланатындар бар. Бірақ мұндай әрекеттің соңы түптеп келгенде жануарлар әлеміне зиянын тигізуде.

Сол себепті көптеген мемлекеттер әуе шарларынан бас тартып отыр. Олардың қатарына Солтүстік Корея елі бар. 2011 жылы Еуроодақ әуе шарларының ұшырылуына қарсылық білдіріп, арнайы заң қабылдады. Еуропада шарлар балалар қауіпсіздігі нормативіне сәйкес емес деген тұжырымға келген. Шарлар былай тұрсын, үрілетін ойыншықтардың басқа түрлеріне де тыйым салу туралы заң Брюсселде қабылданды.   

Бұдан былай 8 жасқа толмаған балаларға ересектердің бақылауынсыз шар үруге тыйым салынған. Сондай-ақ, 14 жасқа толмаған балаларға да бақылау күшейтілген, себебі шарды үру кезінде баланың тамағында тұрып қалып, нәтижесінде тұншығып қалу қауіпі бар. Оның үстіне, шарларды жасау кезінде құрамында химиялық заттардың да бар екендігі дәлелденген.  

Әуе шарларын сату мен пайдалануға көршілес Өзбекстан елінде де 2013 жылдан жол берілмейді екен. Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда шарларды пайдалануға рұқсат етпейді және тәртіпке бағынбағандар жауапқа тартылады. Өрт қауіпсізді ережесіне өзгертулер енгізіліп, халық көп жиналатын орындырға шарларды ұшыруға мүлдем тыйым салынған.

«Бұл әуе шарларын пайдаланған адамдар инфекциялық ауруларды да  жұқтыруы мүмкін. Сондықтан да, шарларға тыйым салынатын заң біздің елге де ауадай қажет. Ал мұндай зиянды шарлар көбіне Қытайдан халық республикасынан жеткізіліп отыр», - деп қорытындылады өз сөзін, тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақов.

Дайындаған Кәмшат Ізбасарова,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі,

«Қазақстан-Ақтау» телеарнасының редакторы

Ақтау қаласы

Ұлт порталы