25 қаң, 2024 сағат 17:48

Аудандық білім бөлімінің есепшілері 1,8 млрд теңге жымқырған - ҚМА

Фото: depositphotos.com

ҚМА Түркістан облысы бойынша департаменті облыс прокуратурасының үйлестіруімен және әкімдіктің атсалысуымен Мақтаарал аудандық білім бөлімінің есепшілеріне 1,2 млрд теңге және Бәйдібек аудандық білім бөлімінің есепшілеріне 600 млн теңге көлемінде сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемдену фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Бүгінде аталған 2 аудан бойынша мемлекетке келтірілген шығынның жалпы сомасы - 1,8 млрд теңгеден астам.

"2020-2023 жылдар аралығында «1С: Бухгалтерия» есеп бағдарламасында жалпы білім беретін мектептер қызметкерлерінің карточкалық шоттары мен жеке сәйкестендіру нөмірлерінің (ЖСН) орнына олармен үлестес тұлғалардың ЖСН енгізген айыпталушылар анықталды. 

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында іс бойынша айыпталушыларға қатысты тергеу әрекеттері мен тінту жұмыстары жүргізіліп, жылжымалы және жылжымайтын мүлікке тыйым салынды.

Қазіргі уақытта іс бойынша жауапкерлер 120 млн теңге көлемінде келтірілген шығынды өз еркімен өтеп берді" - делінген хабарламада.

ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.