05 қаз, 2016 сағат 13:57

«Атырауша арандату»

 

Атырауда көп ұзамай Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша сот процесі басталады. Қоғам белсенділеріне ұлттық және әлеуметтік алауыздықты қоздырды, жалған ақпарат таратты және заңсыз шерулерді өткізді деген айыптар тағылып отыр. Демек атыраулық белсенділердің қылмыстық ісіне нүкте қойылатын күн де алыс емес. Айтпақшы, «қылмыстық іс» деп екпін түсіруімізге дәлелдеме боларлық бірнеше себептер бар.

Арандатушылардың көксегені не?

Бірінші себеп – айыпталушылар өз әрекеті арқылы қара басының пайдакүнемдік мүддесін ойлағаны. Мәселен, Атырау өңірінде бұған дейін «құқық қорғаушы» деген атымен мәлім болған Макс Боқаев қоғамды өзіне деген қызығушылықпен еліктіруге және жеке басының танымалдылығын арттыруға күш салған. Талғат Аян тек ашкөздік пиғылмен әрекет еткен. Бұл сөзімізді күні кеше ғана әлеуметтік желілерде жария болған Тоқтар Төлешовтің өкініш хаты дәлелдеп берді.

Әлбетте осы жазбаларды оқып отырған кез-келген оқырман «М. Боқаев пен Т. Аянға елдегі ахуалды шиеленістіру несіне қажет болды?» деп ойлауы мүмкін. Оларға қайтаратын бір ғана жауап бар: атыраулық белсенділер «сыра королі» Тоқтар Төлешовтің ақшасын кәдеге жаратқан жәй орындаушылар. Бұған дейін мәлім болғанындай, қарсылық акциялары мен жаппай тәртіпсіздіктерге арандату күшейген кезде «сыра королі» бүгінгі билікке үзілді-кесілді талап қойып, өзі үшін вице-президент лауазымын енгізуді, соның нәтижесінде елдегі билікті қолына алуды жоспарлады.

Елдегі билікті күшпен басып алуға ерте қамданған Т. Төлешов 2015 жылдың соңында өзінің сенімді адамдарының біріне Талғат Аянға 100 000 АҚШ долларын және «жер мәселесі» бойынша құжаттар жинағын беріп жіберуді тапсырады. Ақшаны алған Т. Аян мен М. Боқаев 24-ші сәуірде Атырауда, мамырда Алматыда рұқсат берілмеген қарсылық шерулерін өткізгені мәлім. Енді міне, сотқа дейінгі тергеудің нәтижесінде Т. Аянның Т. Төлешовтен заңсыз шерулер өткізуге 100 000 доллар ақша алғаны анықталып отыр.

Екінші себеп – атыраулық белсенділер Т. Аян мен М. Боқаевтың «сыра королінің» қолындағы құралға айналғаны. «Мен БАҚ-тарда ұзақ уақыт талқыға түскен жер реформасының болатынын білдім. Қазақтардың туған жерін қорғау үшін ештеңеден тайынбайтынын ескеріп, осы мүмкіндікті пайдаланғым келді. Сол үшін қызба мінезді тұрғындары көп Атырауды таңдадым. Және ол жердегі бүлікке қатысымның барын ешкім сезбейді деп түйдім. Сөйтіп өз қызметкерлеріме Талғат Аянға 100 000 доллар жіберіп, «жер мәселесімен» айналысуға және қазақ жерін шетелдіктерге сату туралы өсек таратуға нұсқау бердім. Мұндай әрекет жұртты дүрліктіріп, халық туған жерді қорғау үшін көтерілетінін білдім»,- делінген Т. Төлешовтің опық жеп жазған хатында.

Бұдан шығатыны, көпе-көрінеу жалған ақпаратты тарата отырып М. Боқаев пен Т. Аян өздерінің жарияланымдарында жер заңнамасына енгізілетін өзгерістерді өтірік түсіндіреді. Атап айтарлығы, бүлікті бастаушылар «Қазақстан Үкіметі Қытайға 1 млн. гектар ауыл шаруашылығы жерлерін жалға береді» деген жалған ақпаратқа екпін түсіреді. Бұған қоса, шындыққа мүлдем сәйкес келмейтін ақпаратты жұрт белсенді пайдаланатын «Facebook» сияқты әлеуметтік желілерде, «WhatsApp» мессенджерінде, жеке адамдармен әңгімелесу кезінде және телефондағы тілдесулер арқылы таратады. Мұндай ақпаратты оқыған жұртта бір мезгілде ел билігіне деген жағымсыз көзқарас қалыптасқаны анық.

Осы жерде бір нәрсені айта кетелік. Ресми мәлімет бойынша, қазіргі кезде Қазақстанда жерді пайдаланатын 12 шетел компаниясы бар-жоғы 31,3 мың гектар жерді иеленіп отыр. Республика бойынша жалпы алғанда шамамен 200 млн. гектарға жуық (турасында 100 млн. 835 мың гектар) ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерлер бар. Демек шетелдік жер пайдаланушылардың үлесі бар-жоғы 0,03 пайызды құрайды. Әлбетте, Т. Аян мен М. Боқаевтың арандатуына арбалып қалған атыраулықтар бұл сандарды білмегені анық. «Жер реформасы» тақырыбы қызу талқыға түсіп, жұрттың дүрлігуі мен алаңдаушылығын туғызған кезеңде көпшіліктің мұндай ақпаратқа назар салмағаны рас. Шындап келгенде, 24-ші сәуірде Исатай және Махамбет атындағы алаңдағы шеруге шыққандар жер заңнамасына енгізілген түзетулерді оқымады. Олардың барлығы Т. Аян мен М. Боқаевтың ұран сөздеріне иланып қалды. Ал арандатушылар болса, жұрттың сауатсыздығын өз жеке басының мүддесіне пайдаланды. Арандап қалғандар М. Боқаев пен Т. Аянды құзырлы органдардың дер кезінде тоқтатқанына және істің соңы өкініші кетпес қайғылы жағдайларға ұрындырмағанына шүкіршілік етеді.

Кім патриот, кім арандатушы?

Үшінші себеп – елге, туған жерге деген патриоттық сезімді қарақан басының мүддесіне пайдаланғаны. Атыраулық арандатушылар М. Боқаев пен Т. Аян кәдімгі жалған ақпараттар таратумен шектеліп қалмады. Ашкөздік пиғыл мен арам ниетін жүзеге асыру үшін заңсыз шеруге жиналғандарға жалған патриоттық үндеулер жолдады. «Жер кодексіне енгізілетін түзетулерді алып тастауды талап етейік! Әйтпесе, ертеңгі күні кеш қаламыз! Жерімізден айрылып, құлға айналамыз! Біз және біздің балаларымыз қытайша сөйлеуге мәжбүр болады» деген ұрандармен жұртты дүрліктірді.

Қысқасы, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті шайқалту мақсатымен әрекет етіп, халықтың билік органдарына деген жағымсыз, қытай ұлтының өкілдеріне деген жаулық көзқарасты қалыптастыруға тырысты. Шеруді ұйымдастырушылардың арам пиғылы іске асырылды. Бірақ кейін ондай пиғыл әшкере болды. М. Боқаев пен Т. Аян билік органдарының шеруді белгіленген жерде өткізу және жер комиссиясының жұмысына қатысу туралы ұсыныстарынан бас тартты. Айтарлығы, жер тақырыбын кеңінен талқылау үшін қызығушылық білдірген тараптардың барлығы бір үстелдің басына – жер реформасы жөніндегі комиссияға жиылды. Ол жерде кез-келген тараптың, кез-келген жеке тұлғаның алуан түрлі ой-пікіріне құлақ салынды. Алайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен құрылған жер реформасы жөніндегі комиссияға М. Боқаев та, Т. Аян да қызығушылық танытпады. М. Боқаев Жер кодексіне енгізілген түзетулерге қарсы тараптың өкілі болғандықтан шерушілер оған үміт артты. Бірақ оның әуелден көздегені басқа мақсат еді.