Атыраулықтар қаптаған масаның видеоларын әлеуметтік желілерге жүктеп, шенеуніктерден көмек сұрауда. Жергілікті халықтың айтуынша, маса әсіресе көктемгі тасқын судан кейін көбейген.
"Таңертең жүгіруге шығып едім, мынау деген Атыраудың масасы. Атырауға дәрі-дәрмек бөлінбейді. Су келгелі мынаны қарасаңыздаршы. Не зат мынау? Қазір мұның бәрін Тик-Токқа, Инстаграмға саламын", - дейді атыраулық тұрғын видеоны жүктей отыра.
31-арнаның "Информбюро" бағдарламасының хабарлауынша, Атырау әкімдігі жәндіктерді улау жұмыстары биыл тым кеш бастаған.
Жалпы масамен күрес жұмыстары наурыз айында басталуы тиіс еді. Алайда әкімдіктегілер арнайы қансорғыштарға дәрі шашатын компанияны әлі таппаған. Шенеуніктер халықтың шағымы көбейген соң демеушілерді тартуға мәжбүр болдық деп отыр.
"Маусым айының он үшінде қорытындысы күтілуде. Жеңімпаз мекеме қандай мекеме болса, сол мекемеге барлық жұмыс жүктеледі. Және бекітілген кестеміз бар, улау жұмыстары жоспарымызда тұр", - деді журналистерге Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторы бөлімінің меңгерушісі Темірлан Әубәкіров.
Қала әкімдігі бюджеттен масаны улау жұмыстарына былтырғыдан екі есе көп қаржы, яғни жүз миллион теңге бөлуді жоспарлаған. Алдымен көпқабатты үйлердің жертөлелері мен Жайықтың жағасы, сосын саябақтар дезинфекцияланбақ.