24 мау, 2024 сағат 12:13

Атырауға бір топ қоқиқаз ұшып келді

Алқызыл қоқиқаздар Жайық өзенінің сол жақ жағалауында сарқынды су құйылатын «Сасық сай» булану алаңына қонды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, қызыл кітапқа енген құстардың қаланың дәл осы жерін таңдауына себеп көп.

"Қазіргі уақытта «Сасық сай» және «Квадрат» булану алаңдарын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек, қаланың сол жағалауындағы кәріздік тазарту қондырғысының құрылысы аяқталды. Бұл аймақтың экологиялық жағдайының жақсаруына көмектеседі. Бұл жерде қоқиқаздарға қорек болатын ұсақ шаянтәрізділер бар деп болжауға болады", - деді сол жағалау кәріз тазалау құрылыс басшысы Бауыржан Ахмет.


Бүгін де қаланың сол жағалауындағы сарқынды суларды тазарту жұмыстары жүзеге асырылуда. Сол жақ жағалаудағы үйлердің кәріз суы кәріз тазалау құрылысына (Левый КОС) барады. Одан соң тазартылған суды булану алаңына жібереді. Оның бір күнде 70 мың текше метр суды тазартуға мүмкіндігі бар.