08 сәу, 2020 сағат 06:55

Атырауға Амстердамнан ұшып келген студенттерден коронавирус табылмады

Атырауда Амстердамнан ұшып келген студенттерден алынған тест олардың коронавирус жұқтырмағанын көрсетті, - деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

«3 сәуірде «Air Astana» әуе компаниясының арнайы рейсімен Амстердамнан Атырауға Қазақстан-Британ техникалық университеті жанындағы Теңіз академиясының 24 кадеті мен екі оқытушы офицер ұшып келген. Бұған дейін олар Қазақстанға Франкфурттан карантинге байланысты рейстердің тоқтатылуы себебімен келе алмаған. Атырауда кадеттер екі күн карантин оқшаулағышында жатып, коронавирусқа тест тапсырды. Індет табылмаған соң, студенттер қаладағы қонақүйлердің біріне үй жағдайындағы карантинге ауыстырылды», - делінген облыстық денсаулық сақтау бөлімі таратқан хабарламада.

Бұған дейін ҚБТУ Қазақстандық теңіз академиясының 24 кадеті мен екі оқытушы офицер Атлант мұхитында тұрған кемеде 46 күн болғаны хабарланған еді.