31 мам, 2017 сағат 11:29

⁠Атыраудағы тағзым ету шарасына саяси себеппен қудаланған үш боздақтың ұрпағы келді


Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қаладағы мемориалдық тақтаға барып, гүш шоқтарын қойып, тағзым етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Боздақтарды аза тұтуға облыстық ардагерлер кеңесінің, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, мекеме, кәсіпорын және еңбек ұжымдарының қызметкерлері жиналды. Олардың қатарында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтары да болды.

Айта кетелік, қазір Атырау облысында саяси қуғынның зардабын шеккен 7 мыңнан астам адам тіркелген. Қазір аймақта жазықсыз жапа шеккен 10 адамның ұрпағы өмір сүреді. Бүгінгі шараға зұлмат жылдары қиянат көрген үш азаматтың балалары мен немере-шөберелері келді.



Жиында сөйлеген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев рухани жаңғыру Алаштың арыстарын ардақтауда қастерлі істерін құрметтеуде басты құндылық болуы қажет деді.



“Болашаққа бағдар беріп, қоғамның өркениет көшіне ілесіп, дамуына ықпал жасайтын көкірегі ояу, көзі ашық зиялыларды арамыздан алып кетіп атып тастады, итжеккенге айдады. Жүзмыңдаған адам еліміздің жарқын болашағы жолында құрбан болды. Сол жылдары көптеген көрнекті қайраткерлер және өзге ұлттың өкілдері еріксіз Қазақстан жеріне ауып келді. Құшағы ашық кеңпейіл халқымыз оларды түріне, тіліне, дініне қарамай туысындай бауырына басты. Азаттық жолында құрбан болған азаматтарды еске сақтай отырып, әрқайсымызды ел дамуына аянбай қолдан келгенше қызмет атқаруға шақырамын”, – деді облыс әкімі.

Айта кетелік, Қазақстан бойынша 103 мыңға жуық азамат саяси қуғындаланды. Олардың 25 мыңы ату жазасына кесілген. Сол кезде Қазақстанға жер ауып келген 1,5 миллион өзге ұлт өкілі атамекенімізде пана тауып, өркен жайды.

1993 жылғы 14 сәуірде Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңы қабылданды. Нұрсұлтан Әбішұлы 1997 жылды саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп бекітіп, 31 мамыр оларды еске алу күні болып жарияланды