Атырау қалалық әкімдігіне қарасты Дамбы ауылында әкім сайлауына 7 үміткер ұсынылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұған дейін Атырау облысында 18 ауылдық округтің әкімі сайланатын болып, оған 73 үміткер ұсынылған еді.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовтың айтуынша, ауыл әкімінің сайлауы Атырау қаласы мен 6 ауданда өтеді. Ал, Мақат ауданында 1 кент пен 2 ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізу жоспарланбаған. Себебі, бұл аудандағы округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталмаған.
«Округ әкімдерінің сайлауына 73 үміткер ұсынылды. Оның ішінде 34 мұғалім (46,6%), 12 заңгер (16,4%), 10 экономист (13,7%), 8 ауыл шаруашылығы маманы (11%), 1 инженер (1,3%) мен 8 басқа мамандық иелері (11%) бар. Сондай-ақ, 19 әйел (26%) бар» -дейді Азамат Айманакумов.
Оның мәліметіне сүйенсек, Дамбы ауылдық округінде ең көп үміткер ұсынылған. Атырау қаласына таяу орналасқан бұл ауылға әкім болғысы келген 7 үміткер бақ сынауға бекінген. Сондай-ақ, Қайыршақты (Атырау қаласы) мен Жарсуат (Индер ауданы) ауылдық округтерінде 6, Құрманғазы ауданындағы Кудряшов ауылдық округінде 5 үміткер сайлауға қатысуға ниет білдірген.
