15 қыр, 2020 сағат 14:17

Атырауда жылқышының өліміне қатысы бар екінші күдікті ұсталды

Атырау облысында жылқышының өліміне қатысы бар екінші күдікті ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұған дейін полиция қызметкерлері Жылыой ауданында жылқысын іздеуге шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен жылқышының өлі денесін терең шұңқырдан тапқан еді. Аталған дерекке қатысты бұрын сотталған 38 жастағы күдікті ұсталған болатын. 

«Күдіктіге қатысты жүргізілген тексеру кезінде 16-шы калибрлі мылтық тәркіленді. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабымен (адам өлтіру) сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бірқатар сараптама тағайындалды. Полиция қызметкерлерінің арнайы жедел іздестіру шараларының нәтижесінде тағы бір күдікті анықталып, 1967 жылы туған жергілікті тұрғын ұсталды. Жедел-тергеу жұмыстары жалғасуда» -деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда із-түзсіз жоғалып кеткен жылқышының денесі терең шұңқырдан табылған еді. Осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Жылыой ауданының 38 жастағы тұрғыны ұсталды.