05 нау, 2026 сағат 16:32

Атырауда жоғалған отбасы ісі: басты күдіктілер жақын арада елге жеткізіледі


Фото: Ашық дереккөз


Атыраудағы отбасы мүшелерінің өліміне қатысты күдікке ілінген ерлі-зайыпты жақын арада Индонезиядан Қазақстанға қайтарылады. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Сенаттың жалпы отырысынан кейін журналистерге мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.


Оның айтуынша, күдіктілерді елге жеткізу осы айдың ішінде жүзеге асуы мүмкін.


– Жақын арада екі күдікті Индонезиядан Қазақстанға жеткізіледі. Яғни, осы айда алып келуді жоспарлап отырмыз, – деді С. Әділов.


Сонымен қатар, ол жоғалған отбасының тағы екі ересек баласын іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Қылмысты тергеу үшін арнайы тергеу тобы құрылып, олар Атырау облысында жұмыс жүргізіп жатыр.


Еске салайық, Жангелдин ауылында тұратын бір отбасы 2025 жылдың соңында белгісіз жағдайда жоғалып кеткен.

6 қаңтарда Атырау облысында жоғалған отбасының екі мүшесі – отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері сарайдан табылды.


9 қаңтарда бұл қылмысқа марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев күдікті екені ресми түрде хабарланды. Кейін оның Индонезия аумағында ұсталғаны белгілі болды.