«Исатай ауданындағы ауылдарда су іздеген малдар арам өліп жатыр» деген ақпаратты аудан әкімі жоққа шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап
Бірқатар БАҚ Исатай ауданындағы бірнеше ауылда канал суы тартылып, жылқы мен ірі қара арам қатып жатқанын хабарлаған болатын.
Осыған орай, аталған аудан әкімі Полымбет Хасанов мәселенің мән-жайын түсіндірді. Оның айтуынша, ауданда канал және котловандағы су деңгейі аз, бірақ жаппай мал өлімі болмаған.
Аудан басшысының айтуынша, журналистер Facebook желісіне бір тұрғыннан келіп түскен фотосуреттерді жариялаған.
«Біз сол жазбаға коммент жазу арқылы әлеуметтік желідегі суреттерді кімдер жібергенін және мал өлімі нақты қай жерде орын алғанын сұрадық, ешқандай жауап болмады. Келесі күні дереу менің орынбасарым мамандармен бірге Нарын каналының бойын және Манаш котлованын көзбен көріп қайтты. Рас, асып-тасып жатқан су болмағанымен, бірақ мал суаруға жетерлік. Ал, жаппай қырылып жатқан мал дерегі тіркелген жоқ. Тек екі-үш жерден ғана каналдың батпағына батып, болмаса ауырып өлген малдың өлексесін кезіктіруге болады. Су қазандығына көп мал келіп су ішетінін ескерсек, бұл да - әдеттегі жағдай. Бұл туралы да журналистерге толық түсінік бердік. Бірақ, эфирден басқаша ақпарат айтылды» деп түсіндірді Полымбет Максимұлы.
Сондай-ақ, аудан әкімі шешімін күткен мәселелер де бар екенін қосымша айтып өтті.
– Аудан аумағы шөлейтті, жері құнарсыз және сортаң болып келеді. Соңғы жылдары қар мен жауын-шашын аз мөлшерде түсуде. Бірақ, биылғы көктемде жаңбыр мол жауып, жайылымдық жерге жақсы жағдай туды. Құм өңірінен басқа елдімекендер малы Каспий теңізінің жағалауы мен Жайықтан бастау алатын аудан аумағындағы каналдардан су ішеді. Ондағы су деңгейі бірқалыпты. Әйтсе де, қайталап өтейін, Манаш котлованындағы су деңгейі төмендеу. Каналдарға ұзақ уақыт күрделі жөндеу жүргізілмеген, су өткізу деңгейі өте төмен. Солардың бірі – аудандағы ең ірі Нарын каналы. Ол «ҚазСушар» мекемесінің теңгерімінде. Бұл канал Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылынан басталып, Исатай ауданы аумағындағы төрт ауылдық округтен өтіп, Нарын ауылдық округіне дейін барады. Сондықтан, «бірнеше ауылдың малы қырылып жатыр» деген – ешқандай дәйексіз әңгіме, - дейді аудан басшысы.
