27 қар, 2020 сағат 10:55

Атырауда тұрақтандыру қоры 605 тонна көкөніспен қамтылды

Атырауда тұрақтандыру қоры 605 тонна көкөніспен қамтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, Атырауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу және тұрақтандыру қолға алынған. 

Қазір «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тұрақтандыру қоры 605 тонна көкөніспен қамтылған. 

Оның ішінде 361 тонна картоп, 80 тонна пияз, 50 тонна сәбіз, 114 тонна қырыққабат бар. 

«Биыл «Феликс» шаруа қожалығымен 605 тонна көкөніс жеткізуге форвардтық келісімшарт жасаған едік. Соған сәйкес жеткізілген өнім шаруа қожалығының жеке қоймасында сақталады. Ал тұрақтандыру қоры арқылы сатылатын көкөніс бағасы өткен жылғы деңгейде қалады», - дейді «Атырау» ӘКК» АҚ мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және МЖӘ жобаларын сараптау департаментінің басшысы Гүлмира Меңдіғалиева.

Оның айтуынша, биыл тұрақтандыру қорына сатып алынған өнім көлемі бұрынғыдан азайған.

«Соңғы жылдары атыраулықтардың көкөністі тұтыну статистикасына, ауыл шаруашылығы өнімдерін сату деңгейі талданды. Содан байқағанымыз, көкөніс тұтынуда тапшылық болған жоқ. Баға тұрақтылығы сақталды. Осындай талдаудан соң тұрақтандыру қорына 605 тонна өнім жеткілікті болады деген қорытынды жасадық», - дейді Г. Меңдіғалиева.

Тұрақтандыру қорындағы көкөністер биылғы желтоқсаннан бастап 4 ірі сауда нүктесінде бекітілген бағамен сатыла бастайды.