27 қар, 2021 сағат 15:07

Атырауда Рfizer вакцинасын асханадағы сусындарға қосады деген жалған ақпарат тарады


Атырауда Рfizer вакцинасын мектеп асханасындағы сусындар мен тамаққа қосады деген жалған ақпарат тараған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен мәлім еткендей, әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратылып отыр. Ата-аналардың чаттарында «Мектеп асханаларындағы тамақ пен сусындарға Pfizer вакцинасы қосылуда. Вакцина қосылған тамақты қабылдаған балаларда қауіпті аурудың белгілері, яғни, жүрек айну және құсу байқалуда» делінген. 

«WhatsApp желісінде дыбыстық хабарлама таратқан белгісіз әйел Pfizer вакцинасы балаларға мұрын тамшылары арқылы да енгізілуде деп мәлімдеген. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Себебі, Pfizer компаниясы өндіріп отырған Комирнати вакцинасының әр құтысы 6 адамға арналған. Вакциналар медициналық орындарда арнайы мұздатқышта сақталуда. Бұл вакцина 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге ата-аналардың келісімімен иыққа салынады. Вакцинаның мұрын тамшылары мен спрей түріндегі баламалары жоқ. Жалған және дәйексіз ақпарат таратушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес жаза көзделген. Құқық бұзушыны іздеу үшін барлық қажетті шара қабылданады» - деп хабарлады басқармасының баспасөз қызметі.