Атырауда Токиода өткен Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегерлеріне көлік пен пәтер кілті тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұдан бұрын Атырауға Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегері атанған парадзюдошылар оралғанын хабарлаған едік.
Сол кезде параспортшыларға 1 млн теңгенің сертификаты берілген болатын.
Бүгін оларға тағы да 1 млн теңгенің сертификат тапсырылды.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Паралимпиаданың күміс жүлдегерлері Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет пен Зарина Байбатинаға көлік пен 2 бөлмелі пәтер кілтін тапсырды.
Паралимпиада жүлдегерлерінің бапкері Жандос Қияновқа 4 млн теңге берілді.
«Бұл – ел спорты үшін тарихи жетістік, қажырлы еңбек пен намыстың, өршіл рухтың жемісі. Ең бастысы, Атырау спортшыларының ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына айрықша тартуы. Сіздер мыңдаған жастарға рух сыйлап, қайсарлықтың мәнін ұғындырдыңыздар» - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Сондай-ақ, Паралимпиада қатысушылары Аманжол Жанбота, Ғалымжан Смағұлұлы, Ерлан Өтепов, Нұрлан Домбаев, Ержан Сәлімгереев пен олардың жаттықтырушыларына құрмет көрсетілді.