22 шіл, 2020 сағат 13:41

Атырауда коронавирус жұқтырғандардың 60 пайызы індеттен жазылды

Атырау облысында қауіпті індетті жұқтырғандардың 60 пайызы емделіп шыққан. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, қазір Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 9392 адам тіркелген. Соңғы тәулікте 109 адамнан қауіпті індет расталған. Өсім – 1,7 пайыз. 

«Қазір облыста 1170 инфекциялық, 787 провизорлық, 2013 карантиндік керует жасақталды. Эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инфекциялық керуеттердің саны 60 пайызға артты. Нақтырақ айтқанда, бұрынғыға 466 орын қосылды. Бүгінде 55 интерн инфекциялық, провизорлық стационарларда қызмет етуде. Сондай ақ, ресейлік дәрігерлер біздің дәрігерлермен тығыз байланыс жасап, бекітілген алгортимге сәйкес ем жүргізуде»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.

Оның айтуынша, коронавирусты жұқтырғандардың 60 пайызы жазылып шықты. Қазір олардың саны 5 677 адамды құрап отыр.