Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың арасында 2 жасөспірім бар, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыста осы уақытқа дейін инфекция 29 адамнан табылғанын жазған болатынбыз.
Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, олардың арасында 16 жасқа толмаған 2 жасөспірім бар.
Бүгінде 26 пациенттің жағдайы – қанағаттанарлық, 2 науқастың денсаулығы орташа ауыр болса, біреуі ауыр күйде.
«Дәрігерлердің айтуынша, бүгін, 6 сәуір, сағат 13:00-дегі жағдай бойынша инфекциялық стационарда 29 науқас ем қабылдап жатыр. Провизорлық стационарда – 20, карантиндік стационарда 174 адам жатыр. Үй карантиніне 889 адам оқшауланған», - деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметінен.