Атырауда Қазақстан туын көлігіне жапқан жүргізуші жазаланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл дерек 16 тамызда жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
«Атырау қаласындағы Ш.Еркінов-Т.Амандосов көшелерінің қиылысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын жауып келе жатқан Kia Rio автокөлігін бейнебақылау камерасына түсті. Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері аталған автокөлікті басқарған 33 жастағы жүргізушіні анықтады. Жүргізуші Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану ережесін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 458-бабы 1-бөліміне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қысқартылған тәртіппен 72925 теңге көлемінде айыппұл салынды» - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.