26 қар, 2021 сағат 19:11

Атырауда емханадан өрт шығып 45 адам эвакуацияланды



Атырауда емханадан өрт шығып, 45 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, емхана бүгін, 26 қарашада өртенген.

«Төтенше жағдайлар департаментінің диспетчерлік пультіне сағат 12:34-те Атырау қаласының «Алмагүл» шағын ауданындағы №7 емхананың ғимаратында түтін шыққаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер емхананың 3-қабатындағы терапия бөлімі меңгерушісінің кабинетінде дербес компьютердің жанғанын анықтады. Емхана ғимаратынан 45 адам, оның 6 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Өрт электр желісінің қысқа тұйықталуынан шыққан», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Жалын сағат 12:45-те ауыздықталып, сағат 12:49-да толық жойылды. Өртті сөндіруге департаменттің 20 қызметкері мен 6 техникасы, апаттық медицина орталығынан 3 қызметкер мен 1 техника жұмылдырылды.