27 сәу, 2022 сағат 13:18

Атырауда брондалған әскери техниканы сатпақ болған тұрғын ұсталды


Атырауда брондалған әскери техниканы сатпақ болған тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 35 жастағы ер адам брондалған барлау-шолғыншы машинасын (БРДМ-2) заңсыз сатуға тырысқан. 

«Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 12 сәуірде полицияға түскен жедел ақпаратты тексеріп, жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді. Тексерудің нәтижесінде 1986 жылғы азаматқа тиесілі әскери техника табылып, тәркіленді. Қазір аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 386-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.