15 қаз, 2024 сағат 15:38

Атырауда бас бухгалтер 500 миллион теңгеден астам қаржы жымқырған

Фото: depositphotos.com

Атырау қалалық емханасының бас бухгалтері қызметтік жағдайын пайдаланып, 573 миллион теңгеден астам қаржыны өз пайдасына аударған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Сот материалдарына сәйкес, бухгалтер 2012-2023 жылдар аралығында мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатты банктегі өз есепшоттарына заңсыз аударып отырған. Осылайша, аса ірі көлемде материалдық зиян келтірілген. Сот барысында айыпталушы 3 миллион теңге қайтарған.

Айыпталушы кінәсін ішінара мойындап, өкініш білдірген. Сот оның кәмелетке толмаған балалары бар екенін және келтірілген зиянды ішінара өтегенін ескере отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оның қылмыстық жолмен алынған мүліктері мемлекет пайдасына тәркіленеді және ол 10 жыл бойы қаржылық жауапкершілікпен байланысты қызметтерден шеттетіледі.

Апелляциялық сот бірінші инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды, үкім заңды күшіне енді.