24 қар, 2020 сағат 08:27

Атырауда ауаны ластайтын кәсіпорындарға тал егетін арнайы учаскелер бекітіледі

Атырау облысының әкімдігі ауаны ластайтын ірі кәсіпорындарға тал егу үшін арнайы учаскелер бекітпек. Бұл туралы Үкімет отырысында Махамбет Досмұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырау облысының экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған Жол картасы 40 іс-шарадан тұратынын жеткізді. 

Оның ішінде жаңа кәріз тазарту кешендерін салып, ескілерін қайта қалпына келтіру, «Тухлая балка» және «Квадрат» кәріздік алаңдарын рекультивациялау, көгалдандыру, Жайық өзенінің бассейнін тазарту және сауықтыру секілді басқа да маңызды шаралар көзделген. 

Ал Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов бұл жоспар шеңберінде нақты қандай шаралар қарастырылғанын айтып берді.

«Өңірдегі ірі мұнай-газ кәсіпорындарын «Ластаушы қалпына келтіреді» ұстанымына сәйкес, қоршаған ортаға келтірген залалдың орнын толтыру үшін көгалдандыру жұмыстарына тарту көзделуде. Бірінші санаттағы кәсіпорындардың атмосфераға шығарған 165 мың тонна шығарындылар көлемінің 86 пайызын – 6 ірі кәсіпорын құрап отыр. Облыс әкімдігі негізгі ластаушы көздері болып отырған ірі кәсіпорындармен келіссөздерді жүргізіп, оларға тал егу үшін арнайы жер учаскелерін бекітіп беру бағытында жұмыстарды атқарып жатыр. Осыған сәйкес қазір қала аймағынан орман қоры мен елді мекендер жерін қоса алып, учаскелердің тізбесі жасақталды. Көгалдандыру жұмыстарымен қоса алғанда аудандардың барлық елді мекендерінде жүргізіледі. Бұл жыл сайын 100 мыңға дейін қосымша көшет егуге мүмкіндік береді», - деді ол.