Атырауға ел бірлігі мен ынтымағының нығая беруін көздейтін Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамашыл тобы «Менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы аясында «Мәңгілік ел жастарының жетістіктері – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» кітабын жеткізді. Осыған орай өңірде ұйымдастырылған шара Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өтті.
Жастарға білім, тәрбие беру ісін Елбасы әркез назарда ұстап келеді. Тәуелсіздік жылдарында барлық сала қарқынды дамып, жетістіктерге жетті. Оған мысал ретінде Астана мен Алматыда өткен әлемдік деңгейдегі конференциялар мен семинарлар, жиындарды айтуға болады. Ендігі біздің мақсатымыз – 130-дан астам ұлт пен ұлыс өмір сүретін елімізде бірлігімізді сақтай отырып, басты меже – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Біз сіздерге әркез қолдау көрсетуге әзірміз. Мәселен, бұдан бұрын «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алған жастар, бүгінде ел игілігі жолында жұмыс жасауда. Ал, ендігі олардың қатарын толықтыратын сіздер болғандықтан, армандарыңыздың орындалуына тілектестігімді білдіремін! – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев акцияға қатысқан жастарға.
«Менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясына өңір жастары белсенділік танытты. Жастар бірінен соң бірі патриоттық әндерді шырқады. Арнайы тақтайшаға тәуелсіз Қазақстанның келешегіне арнаған игі тілектерін жазуға мүмкіндік алды. «Мәңгілік ел жастарының жетістіктері – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» кітабын атыраулық жастар Маңғыстау облысының өкіліне табыстады. Кітапта ел жастарының әр саладағы жетістіктері, олардың мемлекет тарапынан көрген қамқорлықтары, «Мәңгілік Ел» патриоттық идеясының маңызы мен Елбасы қолдауы туралы үндеулері жазылған.
Мұндай үндеу Атырау жастары атынан да жазылды. Оны «Тхоньил» корей этномәдени бірлестігінің мүшесі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Вероника Ли оқып берді. Үндеуде мұнайлы өңірде де тәуелсіздік жылдарында білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы оңды өзгерістер, нақтылай айтқанда, 80 мектеп пен 18 мектепке дейінгі тәрбие ошағы, 1 колледж бен 5 мектеп-интернат, сонымен бірге, 63 жаңа үлгідегі емдеу нысанының салынғаны айтылған. Қазір Атырау облысы әлемнің 50-ден астам елімен экономикалық, іскерлік байланыс орнатуының нәтижесінде 700-ден аса бірлескен және шетелдік компаниялардың құрылғаны да көрініс тапқан. «Біз Отанымыздың өркендеуі мен нығаюы жолында күшімізді біріктіреміз. Бұл әрбір жас қазақстандықтың – парызы. Біздің жетістігіміз – бүкіл елдің жетістігі!» делінген Үндеуде.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ