14 жел, 2021 сағат 12:56

Атырау облысының әкімі Хаменованың ұсталуы туралы пікір білдірді


Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов орынбасары Бақытгүл Хаменованың қамауға алынғанын естіп, ренжігенін мойындады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Хаменованың орнын ешкім алған жоқ. Оның қызметі әкімнің орынбасарлары арасында бөлінген. Тергеу жүріп жатыр, тергеуден кейін бәрі белгілі болады. Мен түсініктеме бере алмаймын (Хаменоваға тағылған айыптар бойынша - ескерт.), қазір тергеу жүріп жатыр", - деді Досмұхамбетов Үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап беріп.

Хаменова ұсталғанын естігенде "әрине, ренжідім" деп жауап берді әкім.

Ол қамауға алынғаннан кейін Хаменовамен байланыспағанын және құқық қорғау органдары оны жауап алуға шақырмағанын түсіндірді.

Әкім жақын арада қызметтен кететіні туралы қауесеттерге де жауап берді.

"Менде ондай ақпарат жоқ, естіген жоқпын. (...) Бұл мәселені реттейтін заң бар. Егер орынбасарларымның сыбайлас жемқорлық жасағаны анықталса, онда заңға сәйкес мен отставкаға кетуім керек. Ал оны Мемлекет басшысы қабылдайды", - деді Досмұхамбетов.

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық дауынан кейін Атырауда Абай ескерткішін орнату жұмыстары кейінге шегерілуі мүмкін.

"Ескерткіш туралы шешім, қателеспесем, 2016 жылы қабылданған. Пандемия кезінде жұмысты жүргізе алмадық, ескерткішті биыл орнату жоспарда бар еді. Иә, уақыты созылуы мүмкін немесе созылмайды. Тергеу әсер ете ме, айта алмаймын", - деп жауап берді әкім.

Хаменованың ұсталуы

Хаменова Қылмыстық кодекстің 366-бабының екінші бөлігі бойынша "айтарлықтай мөлшерде пара алды" деген күдікке ілінді. Расталмаған ақпарат бойынша, пара Абай ескерткішін орнатуға жарияланған тендер бойынша берілген.

Қазір шенеунік үй қамауында отыр.

Бақытгүл Хаменова мәжіліс депутаты болған кезде 2017 жылдың көктемінде Астана әуежайына президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру туралы ұсыныс айтқаннан кейін танымал болды.

Астана әуежайының атауы 2017 жылдың маусымында Назарбаевтың құрметіне өзгертілді.