31 қаз, 2021 сағат 21:40

Атырау облысындағы атыс: Полиция күшейтілген режимге көшті


© Sputnik / Абзал Калиев


Күні кеше атыс болған Атырау облысының Сағыз ауылында полиция қызметкерлері үшін күшейтілген жұмыс режимі енгізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".


Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтың айтуынша, полиция қызметкерлері Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылында қоғамдық тәртіпті тұрақтандыру мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмылдырылған.


«Қазір аталған ауылдағы жағдай тұрақтанды. Тұрғындар арасында жаппай толқу байқалмайды. Соған қарамастан, тәртіп сақшылары Сағыз ауылын тәулік бойы патрульдеп, күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Оқиға орнында Атырау облыстық полиция департаментінің жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігімен (Адам өлтіру) тергеу жүріп жатыр», - дейді Қамза Үмбетқалиев.


Айта кетейік, сенбі, 30 қазан күні кешкі сағат жеті жарым шамасында Атырау облысының Қызылқоға ауданында, Атырау-Ақтөбе тас жолында, Сағыз ауылының маңында атыс болды.


Әуелі Сағыз ауылдық дәрігерлік амбулаториясына жарақат алған алты адам жеткізілгені туралы хабарланды. Кейінірек 36 жастағы ер адамның көз жұмғаны белгілі болды.


"Кісі өлтіру" бабы бойынша тергеу басталды", - деп хабарлады полиция.


Атысқа ауыл тұрғындары арасындағы жанжал себеп болған деген болжам жасалып отыр.