11 қаң, 2021 сағат 17:25

Атырау облысында мобильді топтар жыл басынан бері 3000-нан астам нысанды тексерді

2021 жылдың 1 - 10 қаңтары аралығында мобильдік топтар 903 рейд жүргізіп, 3 769 нысанды тексерген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram каналына сілтеме жасап.

Каналдағы деректерге қарағанда, р ейд барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды және карантин талаптарын сақтамау бойынша 28 заңбұзушылық анықталды. 

Мәселен, Қызылқоға ауданында жаппай отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, осы уақыт аралығында 2 үйлену тойы өткізілген. Сондай-ақ, Атырау қаласында Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес қызметіне тыйым салынған «Регионбет» лото клубы келушілерді жасырын қабылдағаны анықталды. Сонымен қатар, Жылыой ауданы, Теңіз вахталық қалашығында бетперде режимін сақтамаудың 2 фактісі және бекітілген жұмыс режимін бұзудың 1 фактісі тіркелді. 22 материал қаралу үстінде. 

Қазіргі таңда, мобильді топтар мен жергілікті полиция департаментінен түскен материалдар бойынша ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес жалпы сомасы 547 975 теңге көлемінде 6 айыппұл салынды.