02 жел, 2021 сағат 17:31

Атырау облысында медицина қызметкерлеріне заңсыз үстемеақы төленген


Есеп комитеті Атырау облысындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы қорытындыны жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аудит нәтижесінде рәсімдік сипаттағы 223 бұзушылық, 5 жүйелі кемшілік анықталған. 22,7 млрд теңгені тиімсіз жоспарлау, 7,8 млрд теңгені тиімсіз пайдалану, 0,2 млрд теңге ықтимал шығындар тіркелген. 

Ведомствоның хабарлауынша, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ COVID-19 індетімен күрес аясында эпидемияға қарсы жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне 105,9 млн теңге негізсіз қосымша ақы төлеген. 

Сондай-ақ, жыл сайын Атырау облысының 2016-2020 жылдарға арналған аумақтарды дамыту бағдарламасының орындалмаған нысаналы индикаторларының үлесі (14,8%-дан 28,3%-ға дейін) артып келеді. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламалардың нысаналы индикаторларының 58,4%-ы бағдарламада көрсетілмеген. Облыстағы жергілікті атқарушы органның меморандумы 2018-2020 жылдары негізгі нысаналы индикаторлардың орта есеппен 24%-ы орындалмауына жол берген. 

Аудит қорытындысы бойынша Есеп комитеті Үкіметке заңнаманы жетілдіру жөніндегі тиісті ұсынымдар берді. Атырау облысының әкіміне анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша шара қабылдауға және қолданыстағы заңнаманы бұзуға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарауға тапсырма берілді. 

Әкімшілік істерді қарауға уәкілетті органдарға 40 бұзушылық фактілері бойынша материал жіберілген.