Фото: Kazakh Tourism
26 шілдеде Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты Теңіз ауылында ерекше табиғи құбылысқа арналған «LOTUS FEST-2025» халықаралық фестивалі басталады. Іс-шара Қиғаш өзенінің бойында табиғи ортада өсетін лотостың гүлдеу кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Келушілер 26 тамызға дейін сирек кездесетін сұлулықты тамашалауға мүмкіндік алады, деп хабарлайды Ult.kz.
Лотостың гүлдеуі — Атырау жазындағы басты табиғи оқиғалардың бірі. Кейбір гүлдердің биіктігі 2 метрге дейін жетіп, жапырақтарының диаметрі 60 см-ге ұласады. Гүлдерге зиян келтірмеу үшін арнайы бақылау алаңы орнатылады.
Фестиваль аясында табиғи сұлулықпен қатар, қазақ халқының мәдениеті мен спорттық дәстүрлері де насихатталады. Қонақтар үшін этноауыл бой көтеріп, театрландырылған қойылымдар, қолөнер шеберлерінің көрмелері мен шеберлік сабақтары ұсынылады.
Белсенді демалысты ұнататындар үшін ұлттық және заманауи спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Атап айтқанда:
-
Қазақша күрес
-
Асық ату
-
Садақ ату
-
Арқан тарту
-
Армрестлинг
«LOTUS FEST-2025» — тек табиғатпен қауышу ғана емес, қазақтың бай рухани және мәдени әлемімен танысуға тамаша мүмкіндік. Фестиваль ішкі және шетелдік туристерді тарту арқылы өңірдің туристік әлеуетін де арттыруды көздейді.
