Атырау облысында жыл басынан бері коронавирус инфекциясынан 233 адам қайтыс болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиевтің айтуынша, Атырауда күрделі эпидемиялық ахуал қалыптасып отыр.
«Соңғы 7 тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 30%-ға артты. Мәселен, 16 шілдеде 342, 22 шілдеде 489 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. Осыған байланысты 414 резервтік төсек-орынның 99%-ы науқастарға толды», - дейді Қайсар Абдалиев.
Оның мәліметінше, былтыр коронавирус инфекциясынан 110 адам қайтыс болған. Ал, биылғы қаңтардан бері қайтыс болғандар адамдардың саны 233-ке жеткен.
«Атырау облысында 67 науқас жансақтау бөлімінде емделуде. Оның ішінде 54 адамның жағдайы ауыр, 13 науқас өте ауыр халде жатыр. Науқастардың арасында 11 пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған», - деп мәлім етті Қайсар Абдалиев.
