08 қар, 2025 сағат 13:34

Атырау облысында қазанда жоғалған 15 жастағы қыз Ақтөбеден табылды


Фото: azh.kz


Атырау облысы Құлсары қаласында екі апта бұрын жоғалған 15 жастағы Жұлдызай Мұсағалиева Ақтөбеден табылды, - деп хабарлайды Ult.kz «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап.


Жылыой аудандық полиция бөлімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірім Жылыой ауданы полиция қызметкерлері мен Ақтөбе облысы полицейлерінің бірлескен жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде табылған.


"Қазір кәмелетке толмағанның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ. Бұл дерек бойынша қажет тексеріс жүргізіліп жатыр", - деді полиция өкілдері.


Zello Poisk волонтерлерінің айтуынша, қызды полиция қызметкерлері сауда-ойын-сауық орталығында тапқан. Құқық қорғаушылар іздеуге көмектескен барлық азаматқа алғыс айтып, ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріп, олардың қайда жүргенін бақылауға шақырды.


Жасөспірім 24 қазанда шамамен 22:00-де үйден шығып кеткен. Алдымен ол Құлсарыдан Атырауға, кейін Ақтөбеге бағыт алған. Жұлдызайдың кейінгі рет Ақтөбеде автовокзал маңында көрінгені белгілі болды. Танысына ол осы қалаға көшуді жоспарлап жүргенін айтқан.