13 қар, 2020 сағат 12:57

Атырау облысы коронавирустың жаңа толқынына дайын - Махамбет Досмұхамбетов

Атырау облысының медициналық мекемелері коронавирустың жаңа толқынына дайын. Бұл туралы бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Махамбет Досмұхамбетов өңірдегі коронавирус инфекциясына қатысты ахуалдың тұрақты екендігін айтты. Оның дерегінше, облыста дәрігерлердің жетіспеушілігі үштен бірге қысқарды. Жұмысқа 93 жас маман тартылып, олардың 35-і аудандарға жіберілді. Індетпен күрестің алдығы шебінде жүрген барлық медицина қызметкерлеріне 2 млрд теңгеден астам үстемеақы төленді. 

«Денсаулық сақтау саласында материалдық-техникалық базаны нығайтуда ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл 7 нысанның құрылысы аяқталды. Жұқпалы ауруларға арналған төсек-орынның 8,1 пайызы ғана бос емес. 46 науқас ем алуда және оның 2-еуі реанимацияда жатыр. COVID-19-дың жаңа толқынына дайындық аясында облыста 2 080, оның ішінде 120 реанимациялық төсек-орындық 12 стационар әзірленді. Атырауда 200 төсек-орынға арналған модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы ақяталды. Жылдың соңына дейін Жылыой ауданының Құлсары қаласында 200 төсек-орынға арналған модульдік стационар құрылысының аяқталатындығы жоспарланған», - деді өңір басшысы. 

Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, облыста 4 МРТ аппараты, 12компьютерлік томография аппараты, 668 оттегі концентраты, 256 өкпені жасанды апаратты бар бар. Жыл соңына дейін тағы 51 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізіледі. Өңір жедел жәрдем көліктерімен 100 пайыз қамтамасыз етілген. 5 мобильді диагностикалық медициналық кешен шалғай аудандарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп жүр.