Жайық өзеніне судың келуіне байланысты Атырау облысы айрықша бақылауда, мониторинг жалғасуда деп мәлімдеді ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп Астанада өткен брифингте.
"Атырау қаласында Жайық өзені бойында бөгеттерді нығайту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Дронның көмегімен су тасқыны жағдайына мониторинг жүзеге асырылуда. Атырау облысына берілген күштер мен құралдар су тасқынына қарсы жұмыстарды жалғастыруда. Бұған дейін броннан шығарылған жылжымалы сорғы станциялары су басқан аумақтардан су сору жұмыстарына жұмылдырылды.Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 6 379 тұрғын үй мен 2 794 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. Республика бойынша 37 324 адам өз үйлеріне оралды. 6 817 адам эвакуациялау пункттерінде. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 21 мыңнан астам адам, 2 мыңнан астам түрлі техника, 615 су сору және жүзу құралы, 8 әуе кемесі жұмылдырылды. Су тасқыны бастағалы бері 12,6 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 6,6 млн астам қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді. Өңірлерде республикалық және облыстық жедел штабтар өз жұмыс жалғастыруда", -деп хабарлайды А. Шәріп.
Сондай-ақ, ТЖМ өкілінің сөзінше жалпы азаматтық қорғау қызметтерімен Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою және халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар жалғасуда.