Фото: «Атамекен» ҰКП
"Атамекен" ҰКП экс-басшысы Абылай Мырзахметов 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін Абылай Мырзахметовке қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, А.Мырзахметов 2022 жылғы мамыр айынан қазанға дейін Б.-ға ақшалай сыйақы үшін мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды тұлғалары арқылы ағасы Б.-ны қамаудан босату және оған қатысты сотқа дейінгі іс жүргізуді тоқтату мәселесін шешуге тырысқан. Осылайша Б.-ның аса ірі мөлшерде 13,9 млрд. теңге сомасында ақшалай қаражатын жымқырған.
Прокурор айыптауды қолдады.
Сотталушы кінәсін мойындап, әділ жаза тағайындауды, қорғаушылар іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды сұрады.
Сот күдіктіні кінәлі деп тапты. Бұл баптың санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны көздейді.
Сот сотталушының кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, өзі жасаған қылмысты тергеуге және қылмыс жасау нәтижесінде алынған мүлікті іздестіруге жәрдемдесуін, кәмелетке толмаған баласының болуын жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.
Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Мырзахметовтің кінәсі сотталушының өз кінәсін мойындауымен, куәлардың айғақтарымен, қарыз шарттарымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
"Сот үкімімен А.Мырзахметов аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 10 жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен алынған 5,8 млрд. теңге сомасында ақша қаражаты тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айырылды", – делінген хабарламада.
Еске салайық, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов 30 миллион доллар пара алып жатқан жерінен ұсталған еді. Мырзахметов Талғат Боранбаевқа мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды тұлғалар арқылы ағасы Қайрат Боранбаевты қамаудан босату және оған қатысты сотқа дейінгі іс жүргізуді тоқтату туралы мәселені шешу үшін пара беруді ұсынған.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2022 жылдың 10 мамырында Мырзахметов Мәскеуде болған кезінде Талғат Боранбаевқа 30 миллион долларды екіге бөліп, мәселе оң шешілгенге дейін 15 миллион доллар, ал іс шешілген соң тағы 15 миллион доллар аударуды тапсырған.