02 там, 2016 сағат 10:41

Атамбаев: Қырғызстанда төңкеріс болуы мүмкін деген сөз — «сандырақ»

Фетуллах Гүленнің ізбасарлары Қырғызстанда мемлекеттік төңкеріс жасауы мүмкін деген сөз — «сандырақ». Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Анкараның алаңдауына орай дәл осылай деп жауап қатты. Бұл туралы Ұлт.кз тілшісі "Астана" арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Өз сөзінде қырғыз басшысы «бізге жөн сілтеп, шарт қоюдың қажеті жоқ» деп мәлімдеді. Айта кетейік, бұған дейін Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглы Қырғызстан билігін елдегі Гүленге қатысы бар барлық ұйымдарды жабуға үндеген-ді.

Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан президенті:

Бұл сандырақ. Ақылды болсаңдар, өз елдеріңдегі бүлікке қалайша жол беріп қойдыңдар? Біз, әрине, айтылған кеңесті тыңдап, барлық ақпаратты сараптаймыз. Бірақ бізді қорқытудың қажеті жоқ.

Ал Түркияда «тазарту» жұмыстары жалғасып жатыр. Қызметінен қуылған әскерилердің саны бүгінде 1400 адамға жеткен. Олардың барлығына діндар Фетуллах Гүленмен қатысы бар деген айып тағылып жатыр.

Бүліктен кейін мемлекеттік басқару аппаратында түрлі қызметте болған 66 мыңнан астам адам жұмыстан шеттетілген. Ресми Анкара бұдан былай төнкерісті болдырмау үшін күштік құрылымдарды қайта құруға әзір. Ал Реджеп Тайып Ердоған қарулы күштер мен тыңшыларды өзінің тікелей қарамағына алуға ниетті. Бұрын олар премьер-министрге бағынып келді.

Қазір әскер генералдарының жартысына жуығы отставкаға жіберілген. Еске салсақ, Түркияда мемлекеттік төңкеріс әрекеті 16 маусымда болды. Ел билігі оның артында қазір АҚШ-та тұрып жатқан Фетуллах Гүлен тұр деп мәлімдеген еді. Бірақ Ақ үй әкімшілігі оның кінәсін дәлелдейтін айғақ ұсынбаса, 75 жасар діндарды Түркия билігіне беруден бас тартты.