02 қаз, 2024 сағат 11:20

Атақты дзюдошы 300 мың доллар үшін қастандыққа тап болды

Фото: КТК сюжетінен кадр

Дзюдодан Азия чемпионы болған спортшы Дамир Исаханов қомақты қаржысын қайтармақ болып, қастандыққа тап болды. Туыстарының айтуынша, Исаханов екі жыл бойы 300 мың долларын қайтара алмай жүр. Ақшасын сұрағаны үшін спортшыға шабуыл жасалып, пышақ жарақатын алған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Оқиға екі апта бұрын күндіз қаладағы мейрамханалардың бірінің жанында болған. Қарыз алғандармен кездесуге барған Исаханов жанжал шығып кететінін сезіп, сыртқа шыққан. Көлігіне мінуге оқталғанда, бір топ ер адам оны қоршап, жүрек тұсына пышақ сұққан. Осы сәтте оның қасында енесі де болған.

Дамир Исахановтың енесі Сәуле Сабырханова оқиға шамамен 5-10 минутқа созылғанын, шабуыл жасаушылар бірнеше рет қорқытқанын және былапыт сөздер айтқанын жеткізді. Оқиға орнында болған Сабырханова Дамир қансырап фонтанға құлап кеткенін көрген.

Спортшыға ота жасалды, қазіргі жағдайы бірқалыпты. Пышақ жарақатын салған күдікті ұсталып, тергеу жүргізіліп жатыр. Алматы Полиция департаменті өкілдері тергеу бақылауда екенін мәлімдеді. Екі жылға созылған қарыз дауына байланысты күдіктілер спортшыға үй беруге келіскен, алайда оны да босатпаған. Дамир бұл істің соңына дейін баруға бел буып отыр.