29 там, 2024 сағат 10:52

Ата заң туралы 10 дерек

Фото: el.kz

Қазақстан Республикасының басты құжаттарының бірі – Конститутция, яғни «Ата заң». Биыл Ата заңның қабылданғанына 29 жыл. Конституция күні қарсаңында ULT.KZ тілшісі Ата заңымыз туралы 10 деректі ұсынады.

1. Қазақстан Республикасының Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі.
2. Қазақстанның Ата заңы 1995 жылы 30 тамызда қабылданып, 5 қыркүйекте күшіне енген. 
3. Конституцияны халқымыз бүкілхалықтық референдум арқылы қабылдаған. Оған елдің 3 миллионнан аса азаматы қатысты.

Референдум деген - мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу. Референдум тәсілі алғаш рет Швейцарияда жүзеге асқан. Референдумды әлемде халық таңдауы мен құқығын сақтау ретінде, яғни демократиялық институт ретінде көреді. Бірақ қандай да бір дереу шешілетін немесе кешенді дайындықты талап ететін, құпиялылық сақтауы тиіс мемлекеттік маңызы бар мәскелелер референдумға салынбайды. 

Конституцияның 1 бабы, 2 тармағында: «Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу» деп жазылған.

4. Ата заң билік жүйесі бойынша француздық модель негізінде жазылды. 

Француздық модельдің үлгісі ретінде Конституциялық Кеңес өкілеттігін жүзеге асырған кезде мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, лауазымды тұлғалар мен азаматтарға тәуелді емес, тек Конституцияға бағынады әрі саяси және басқадай себептерге сүйене алмайды. Конституциялық Кеңес өз іс-әрекетінің процесінде, барлық жағдайда, соттардың және өзге де мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын мәселелерді анықтаудан және зерттеуден тартынуға міндетті.

Конституциялық Кеңес өкілеттігі, қызметінің ұйымдастырылуы және кепілдігі жағынан соттарға көбірек жуықтағанымен, билік тармақтарының бірде-біреуіне бірікпейді.

5. Қазақстан Республикасының Ата заңы кіріспеден және 10 бөлім мен 99 баптан тұрады. 

Конституцияның алғы сөзінде былай деп жазылған: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз».

Конституцияның 1 бабы, 1 тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. 

6. Ата заңның «Парламент» бөлімінің 61-бабы көлемі жағынан ең үлкені.

Конституцияның Парламент туралы бабы 515 сөзден тұрады.  Айта кетейік, Парламент жоғарғы және төменгі палаталар, яғни Сенат пен Мәжілістен тұрады.

7. Конституцияның ең соңғы бабы судьялар туралы. 
8. Конституцияның ең көп бабы – 30 баптан тұратын «Адам және азамат» бөлімі. 
9. Ал, ең аз бап – «Конституциялық Кеңес» бөлімінде жазылған. Онда небәрі 4 бап бар.
10. Ең алғаш 1995 жылы Ата заң қабылданғанан кейін, оған 6 рет өзгеріс енді.

Конституцияға 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары өзгеріс енгізілген. 

Ата заңға енгізілген соңғы өзгеріс бүкілхалықтық референдум арқылы өтті. Ол 2022 жылы 5 маусымда өтіп, жалпы алғанда мынадай өзгерістер енді: 

Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті; Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі; Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ;  Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады; Өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ; Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады; Сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды; Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді; Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталды.