27 қар, 2023 сағат 16:48

Астаналықтарды "көрінбейтін қарды" тазалау жұмыстары таңғалдырды


Әлеуметтік желіде Астана коммуналдық қызметтері жол жиегіндегі қарды тазалап жүргені түсірілген видео тарап жатыр. Бұл ретте елорда тұрғындары мән-жайды түсінбеген, себебі қар көрінбейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Бейнежазбаға қатысты түрлі пікір жазылған. Кадрлардан қалалық коммуналдық қызметтердің жол жиегін тазалап жатқанын көруге болады.

"Шредингер қары", "Қарашаның аяғында Астанада қар жоқ, сенесіз бе? Коммуналдық қызмет те сенбейді", "Тазалағаны ұнамайды, тазаламаса да ұнамайды. Сіздерге жақпайсың", - деп жазған пікір білдірушілер.

Астанада өткен аптада көптен күткен қар жауған, бірақ еріп кеткен. Қала тұрғындарының айтуынша, тазартатын ештеңе жоқ.

Алайда Алматы ауданы әкімдігі берген мәлімет бойынша, бейнежазбада шын мәнінде қар тазаланған.

"Жауған қарға байланысты "Астана Тазалық" ЖШС жол жиектеріндегі қарды шығару жұмыстарын жүргізді. Жедел тазалау мақсатында қарды кейіннен полигонға шығару жұмыстар жүргізілді", - деп түсіндірді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Видеода қар іс жүзінде көрінбейтін болса, Алматы ауданы әкімдігі ұсынған фотосуретте жол жиегінде қарды көруге болады.