- Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар Шаханда құлаған (Қарағанды облысы) үйдің салдарынан зардап шеккен отбасыларға азық-түлік пен жылы киім түрінде көмек ұйымдастырды. Бұл туралы фейсбук желісінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі Мұрат Әбенов жазды.
«Кеше Ерлан Саиров пен Ақберен Елгезек бастаған бастамашы топ өкілдері бұзылмайтын азық-түлік пен жылы киім түрінде қайғылы жағдайдан зардап шеккен балаларға көмек ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдаған болатын. Бүгін көмек қабылдау қоғамдық тірегі ашылды. Азаматтардың белсенділігі қатты қуантты. Көмек қолын созған азаматтар күні бойы келіп жатты. Олардың көпшілігі орта тап өкілдері. Олар қолдарынан келгендерін жеткізіп жатыр. Айта кететіні, көмекке келгендердің басым бөлігі өздері көмекті қажет ететін азаматтар. Яғни олар: зейнеткерлер, студенттер, бюджеттік сала қызметкерлері, жас отбасылар. Көпшілік азаматтар бала-шағаларымен бірге келіп жатыр. Олар үшін көмекті қажет етіп отырған адамдарға бірге келу өте маңызды», - деп жазды ол.
«Ертең қоғамдық көмек қабылдау орны өзінің жұмысын жалғастырады. Мекенжайын еске сал кетейін: Астана қаласы, Момышұлы мен Сәтпаев көшелерінің қиылысындағы «Белый ветер» дүкені. Кеңсе 3-ші қабатта. Қабылдау тірегінің жұмысы таңғы сағат 10-00-ден кешкі 17-00-ге дейін үзіліссіз жалғасады. Көмек көрсетем деушілер жұма күні де келе алады. Сенбі күні жиналған заттар Шаханға жіберіледі», - деп қосты ол.
Айта кетейік, 1 қаңтар күні 22 сағат 40 минуттар шамасында Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Шахан кентінде көпқабатты үйдің құлағаны жөнінде арнайы хабар келіп түскен. Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің күш-құрылымдары мен арнайы техникалары жөнелтіліп, тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Шахан кентінің әкімдігі жанынан 8 (72156) 3-24-17 нөмірі бойынша, жедел желі қызметі ұйымдастырылды.
Қираған үйдің үйінділерінен 9 адамның мәйіті табылды. Олардың 3-уі ер адам, 3-уі әйел адам, тағы үшеуі балалар. Мерт болған отбасының әрбір мүшесіне 1 миллион теңге материалдық көмек көрсетіледі. Ауруханада жатқан, зардап шеккендер үшін 500 мың теңгеден төленеді.