Елорда полицейлері арнайы операция барысында ірі көлемде есірткі сақтаушыны ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Арнайы жедел операция барысында елорда аумағында аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізудің арнасы жойылды. Мичурино кентіндегі жер үйдегі көмір сақтау қоймасын тінту кезінде 42 келіден астам «марихуана» есірткісі салынған 4 қап табылды. 53 жастағы үй иесі табылған есірткіге қатысының жоқтығын айтты. Жеке тінту кезінде оның жанынан «гашиш» есірткісі табылды. Сондай-ақ, үйретілген иттің көмегімен, 234 грамм «гашиш» есірткісі заты бар 35 түйіншек табылды», - делінген хабарламада.
Ресми ақпаратта айтылғандай, жедел операция нәтижесінде тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 42,5 келіні құрады. Ол 8500 дозаны құрайды және оның қара нарықтағы құны 25 млн теңге.
«Қазіргі уақытта ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Елорда аумағында есірткі жеткізуге және өткізуге қатысы бар басқа күдіктілер анықталу үстінде», - дейді ведомстводан.
Осы орайда қалалық полиция департаменті есірткі сату, қолдану, таратуға қатысты жайттар туралы анонимді сенім телефондарына хабарлауға болатынын хабарлайды.
Байланыс телефоны күндіз 71-63-93, тәулік бойы 32-22 -22 немесе 102.