04 қыр, 2019 сағат 16:26

«Астанаэнергосервис» 20 жыл бойы халықтан негізсіз төлем алып келген – депутат

Парламент Мәжілісіндегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары «Астанаэнергосервис» АҚ-ның негізсіз төлемдерін өндіріп алуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутат 2019 жылдың 19 маусымында «Ақ жол» фракциясының «Астанаэнергосервис» АҚ заңсыз қызметі туралы депутаттық сауал жолдағанын еске салды. 
«Бұл сауалда «Астанаэнергосервистің» тұтынушыларға негізсіз салмақ салып келгенін айтқан едік. Олар ештеңе өндірместен, елорданың энергетикалық кәсіпорындарын басқарумен айналысты. Бұл компанияның еңбекақы төлеу қоры 600 млн теңгені құраған, сыйақы мен бонустарды қоспағанда кейбір басшылардың жалақысы 1,5 млн теңгеге дейін төленген. Одан бөлек кеңсе, қызметтік автокөліктер бар. Бұл «банкет» мыңдаған тұрғындардың есебінен көрінбейтін тарифтер арқылы жалғасып келген», - деді М. Қазбекова ҚР Ұлттық экономика министріне жолданған сауалында. 
Депутат Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің компанияның жабу туралы шешімін және одан 1 млрд теңге қаржы үнемделетінін еске салды. 
«Демек, «Астанаэнергосервис» 20 жыл бойы халықтан негізсіз төлем алып келген. Сондықтан, «Ақ жол» фракциясының депутаттары барлық өңірлерге талдау жасап, халықтың «мойнында отырған» компанияларды анықтауы тиіс. Ондай ұйымдарды жауып, тұтынушыларға коммуналдық төлемдерінің бір бөлігі қайтарылуы тиіс», - деді ол.
Айта кетейік, «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының 10 кәсіпорыны жабылады. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, «Астанаэнергосервис» АҚ жабудан жылына 1 млрд теңге үнемделеді. Үнемделген қаражат қыстық техника алуға жұмсалады.